• Басты бет
  • /
  • Педагог қызметкерлерді аттестаттау
Педагог қызметкерлерді аттестаттау

Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрінің
20... жылғы ... қарашадағы
№ ... бұйрығына қосымша
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2016 жылғы 27 қаңтардағы
№ 83 бұйрығымен
бекітілген
Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Педагогтерді аттестаттаудан өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 139-бабының 7-тармағына, «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабына, «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына (бұдан әрі – Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы заң) сәйкес әзірленді, педагогтерді аттестаттау және педагогтерге біліктілік санаттарын беру (растау) тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аттестатталушы – осы Қағидаларға сәйкес аттестаттаудан өтетін және біліктілік санатын алуға (растауға) үміткер адам;
2) аттестаттау – осы Қағидаларға сәйкес педагогтердің біліктілік деңгейін айқындау мақсатында жүргізілетін рәсім, оның нәтижелері бойынша біліктілік санаттары беріледі (расталады);
3) аттестаттау комиссиясы – педагогтерді аттестаттау рәсімін жүргізуге уәкілетті алқалы орган (бұдан әрі – Комиссия);
4) аттестаттау кезеңі – күнтізбелік жылдағы (қаңтар-мамыр, тамыз-желтоқсан) уақыт аралығы, оның ішінде осы Қағидаларға сәйкес аттестатталушы адам Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсыруға өтініш береді, біліктілік бағалауынан өтеді, аттестаттау комиссиясына біліктілік санатын беру (растау) туралы өтініш береді;
5) апелляция – осы Қағидаларға сәйкес педагогтің сұранысы бойынша ақпараттық коммуникациялық технологиялар арқылы жүзеге асырылатын ұлттық біліктілік тестілеуінің нәтижелерін қайта қарау рәсімі;
6) апелляцияларды қарау жөніндегі республикалық комиссия (бұдан әрі – апелляциялық комиссия) – білім беру саласындағы уәкілетті орган құратын комиссия, ол педагогтер ұлттық біліктілік тестілеуінің нәтижелерімен келіспеген жағдайда даулы мәселелер бойынша шешім қабылдайды;
7) біліктілік санаты – «Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалардың лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2009 жылғы 13 шілдедегі №338 бұйрығымен (НОРМАТИВТІК құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №5750 болып тіркелген) (бұдан әрі – № 338 бұйрық) бекітілген біліктілік талаптарына немесе кәсіптік стандартқа сәйкес педагогтің кәсіби құзыреттілік деңгейі;
8) қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау – аттестатталушы жетістіктерінің біліктілік талаптарының деңгейіне сәйкестігін бағалау рәсімі;
9) мемлекеттік көрсетілетін қызмет – көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен немесе өтініш жасамай жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі;
10) мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі – мемлекеттік қызметті көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі, оның ішінде процестің сипаттамасы, нысаны, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызметті көрсету ерекшеліктеріне сәйкес өзге де мәліметтер;
11) педагог – тиісті бейін бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар және педагогтің білім алушыларды және (немесе) тәрбиеленушілерді оқыту және тәрбиелеу, әдістемелік сүйемелдеу немесе білім беру қызметін ұйымдастыру жөніндегі кәсіби қызметін жүзеге асыратын тұлға;
12) ұлттық біліктілік тестілеуі (бұдан әрі – Біліктілік тестілеуі) – осы Қағидаларға сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті орган әзірлеген тестілер бойынша педагогтердің кәсіби құзыреттілік деңгейін айқындау мақсатында өткізілетін рәсім;
13) педагог профилі – Ұлттық білім беру деректер қоры (бұдан әрі – ҰББДҚ) ақпараттық жүйесіне жүктелген педагогтің электронды мәліметтері.
3. Педагогтерді аттестаттау «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 1-тармағы 3) тармақшасына сәйкес бес жылда бір реттен сиретпей өткізіледі.
Білім беру ұйымдарының басшылары:
атқаратын лауазымына сәйкестігін растау үшін Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 44-бабының 5-тармағына сәйкес үш жылда бір рет міндетті аттестаттаудан өтеді.
Міндетті аттестаттау облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім басқармалары, тиісті саланың уәкілетті органы деңгейінде жүзеге асырылады.
осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келетін біліктілік санатын көтеру үшін ерікті аттестаттаудан өтеді;
білім беру ұйымдары басшыларының орынбасарлары – осы Қағидалардың 4-тарауының 2-параграфына сәйкес кезекті аттестаттаудан өтеді.
Ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім бөлімдері оларға қатысты мемлекеттік орган ретінде білім бөлімдері әрекет ететін мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, сондай-ақ қосымша білім беру ұйымдарының басшыларын міндетті аттестаттаудан өткізеді.
4. Тиісті саланың уәкілетті органдарында, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың білім беруді басқару органдарында, білім беру ұйымдарында (бұдан әрі – аттестаттаушы орган) педагогтерді аттестаттау үшін осы мемлекеттік органдардың бірінші басшысының бұйрығымен мынадай біліктілік санаттары үшін комиссиялар құрылады:
білім беру ұйымдарында:
«педагог-стажер», «педагог»;
аудандық, облыстық маңызы бар қалалық білім бөлімінің органдарында:
«педагог-модератор» (педагогтер мен әдіскерлер үшін);
«үшінші біліктілік санатты басшы орынбасары», «екінші біліктілік санатты басшы орынбасары» (басшы орынбасарлары үшін);
«басшы-ұйымдастырушы» (басшылар үшін);
облыстың , республикалық маңызы бар қаланың және астананың білім беру басқармаларында, тиісті облыстың уәкілетті органдарында;
«педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші» (педагогтер мен әдіскерлер үшін);
«педагог-модератор», «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші» (техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарындағы педагогтер мен әдіскерлер үшін);
«педагог-шебер» (әдіскерлер үшін);
«бірінші біліктілік санатты басшы орынбасары» (басшы орынбасарлары үшін);
«басшы-менеджер»; «басшы-көшбасшы» (басшылар үшін);
білім беру саласындағы уәкілетті органның жанында:
«педагог-шебер» (педагогтер үшін);
«педагог-модератор», «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» (тиісті саланың уәкілетті органының бағынысты ведомстволары үшін).
5. Педагогтерді аттестаттау жөніндегі комиссияның құрамына кемінде 10 жыл жұмыс өтілі, «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-шебер» біліктілік санаттары бар педагогтер, оқу-әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың), біліктілікті арттыру ұйымдарының әдіскерлері, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақтардың өкілдері, білім беруді басқару органдарының, ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандары кіреді.
6. Білім беру ұйымдарының (әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) басшылары мен басшыларының орынбасарларын аттестаттау жөніндегі комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың, оның ішінде жергілікті өкілді және атқарушы органдардың, еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның өкілдері, кәсіподақтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, білім беру ұйымдарының алқалы басқару органдарының, қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ аттестаттаушы органның құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері кіреді.
7. Комиссия мүшелердің тақ санынан және кемінде жеті мүшеден тұрады. Комиссия мүшелері Комиссия отырыстарына алмасу құқығынсыз қатысады.
8. Комиссия төрағасы мен төрағаның орынбасары Комиссия мүшелерінің арасынан сайланады.
9. Салалық мемлекеттік органдардың білім беру ұйымдарының педагогтерін аттестаттауды тиісті саладағы уәкілетті органның Комиссиясы жүзеге асырады.
10. Конкурстық комиссияның хатшысы Комиссия отырысына материалдарды, қажетті құжаттарды дайындайды, хаттаманы рәсімдейді және оған қол қояды.
11. Комиссияның отырысы, егер оған оның құрамының кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.
12. Дауыс беру нәтижелері Комиссия мүшелерінің көпшілік дауысымен айқындалады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
13. Комиссия отырыстарында аудио- немесе бейнежазба жүргізіледі. Аудио бейнежазба аттестаттау рәсімін өткізген мемлекеттік органда кемінде үш жыл сақталады.
14. Тиісті деңгейдегі Комиссия аттестатталушының құжаттарын жылына екі рет (тиісінше ағымдағы жылғы 5 мамырға және 5 қарашаға дейін) немесе білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған мерзімдерде қарайды.
2-тарау. Аттестаттауды өткізу тәртібі
15. Аттестаттау мынадай кезеңдерді қамтиды:
педагогтер үшін:
1) біліктілік бағалау (процедураны автоматтандыруға байланысты ақпараттық жүйені пайдалану кезінде алынып тасталады);
2) қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау;
3) Біліктілікті тестілеу және эссе жазу;
әдістемелік кабинеттің (орталықтың) әдіскерлері үшін:
1) біліктілік бағалау (процедураны автоматтандыруға байланысты ақпараттық жүйені пайдалану кезінде алынып тасталады);
2) қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау;
білім беру ұйымдары басшысының орынбасарлары, әдістемелік кабинеттер (орталықтар) басшысының орынбасарлары және әдіскерлері үшін «бірінші біліктілік санаты басшысының орынбасары» біліктілік санаты үшін:
1) біліктілік бағалау (процедураны автоматтандыруға байланысты ақпараттық жүйені пайдалану кезінде алынып тасталады);
2) қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау;
3) аттестаттау комиссиясының отырысында қызмет нәтижелерін көрсете отырып сұхбат жүргізу;
білім беру ұйымдарының және әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) басшылары үшін:
міндетті аттестация:
1) біліктілік бағалау (процедураны автоматтандыруға байланысты ақпараттық жүйені пайдалану кезінде алынып тасталады);
2) аттестаттау кезеңіндегі динамикадағы қызметтің негізгі көрсеткіштерінің орындалуын талдамалық жинақтау;
3) Біліктілікті тестілеу және эссе жазу;
4) аттестаттау комиссиясының отырысында қызмет нәтижелерін көрсете отырып сұхбат жүргізу;
ерікті аттестация:
1) біліктілік бағалау (процедураны автоматтандыруға байланысты ақпараттық жүйені пайдалану кезінде алынып тасталады);
2) осы Қағидаларға 22-қосымшаға сәйкес қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық қорыту;
3) Комиссия отырысында қызмет нәтижелерін көрсете отырып сұхбат жүргізу;
Ескертпе: білім беру саласындағы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшесінің әдістемелік кабинеті (орталығы) басшылары/ басшы орынбасарлары әдістемелік кабинеттің (орталықтың) әдіскерлері ретінде аттестаттау рәсімінен өтеді.
1-параграф. Біліктілік бағалауын өткізу тәртібі
16. Педагогтердің біліктілігін бағалау білім беру ұйымдары жүргізеді және осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес нысанда құжаттардың мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде (бұдан әрі – негізгі талаптар тізбесі) белгіленген құжаттар тізбесіне сәйкестігін қарауды қамтиды.
17. Аттестатталатын педагогтердің құжаттары ақпараттық жүйеде толтырылады (ақпараттық жүйе болмаған жағдайда электрондық немесе қағаз форматында беріледі), оның нәтижелері бойынша осы Қағидалардың 1-параграфында жазылған талаптарға сәйкес осы Қағидалардың 2, 3, 4 және 5-қосымшаларына сәйкес құжаттарды қабылдау немесе қабылдаудан бас тарту туралы хабарлама немесе қолхат беріледі.
2-параграф. Мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі
18. Педагогтің өтініші негізінде (қолданыстағы санаттың мерзімі аяқталғанға дейін) және біліктілік бағалауынан кейін (процедураны автоматтандыруға байланысты ақпараттық жүйені пайдалану кезінде алынып тасталады) одан әрі аттестаттау рәсімі жүргізіледі:
педагогтер үшін – осы Қағидалардың 3-тарауына сәйкес қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау;
білім беру ұйымдарының (әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) басшылары мен басшыларының орынбасарлары үшін – осы Қағидалардың
4-тарауына сәйкес.
19. Педагогтерді аттестаттау бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін жеке тұлғалар (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініштер ұсынады:
ақпараттық жүйе бойынша Қазақстан Республикасының
Оқу-ағарту министрлігіне (бұдан әрі – Министрлік), облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларына, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдеріне, білім беру ұйымдарына, тиісті саланың уәкілетті органдарына;
немесе «Азаматтарға арналған үкімет» «Мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) арқылы;
немесе «электрондық үкімет» egov.kz. веб-порталы арқылы (бұдан әрі – портал).
Өтініш №338 бұйрыққа немесе жалпы педагогикалық өтілі ескеріле отырып кәсіптік стандартқа сәйкес санаттың өту мерзімі мен реттілігін сақтай отырып беріледі.
20. «Педагогтерді аттестаттаудан өту үшін құжаттарды қабылдау» мемлекеттік қызметін (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) Министрлік, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармалары, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдері, білім беру ұйымдары, тиісті саланың уәкілетті органдары көрсетеді.
21. Мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша негізгі талаптардың тізбесінде келтірілген.
22. Көрсетілетін қызметті алушының жеке басын куәландыратын құжаттардың мәліметтерін Мемлекеттік корпорация қызметкері «электрондық үкімет» шлюзі арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.
23. Көрсетілетін қызметті алушы негізгі талаптар тізбесінде көзделген құжаттар топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды толық ұсынбаған кезде Министрліктің, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармасының, аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар бөлімінің, білім беру ұйымының, тиісті саланың уәкілетті органының жауапты қызметкері немесе Мемлекеттік корпорацияның қызметкері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді немесе портал арқылы жібереді.
Жұмыс істеп тұрған ақпараттық жүйе кезінде аттестаттаудан өтуге өтінішті қабылдау кезінде осы Қағидалардың 1-параграфында жазылған талаптарға сәйкес осы Қағидалардың 4-қосымшаларына сәйкес құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы хабарлама беріледі.
24. Көрсетілетін қызметті берушінің кеңсесі, Мемлекеттік корпорация арқылы құжаттар толық ұсынылған кезде көрсетілетін қызметті алушыға дайын құжаттардың берілген күнін көрсете отырып, осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі немесе портал арқылы жіберіледі.
Портал арқылы жүгінген жағдайда, көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне немесе ақпараттық жүйе арқылы дайын құжаттарды беру күнін көрсете отырып, құжаттарды қабылдау туралы хабарлама келіп түседі.
Портал арқылы жүгінген кезде көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне немесе ақпараттық жүйе арқылы дайын құжаттардың беру күнін көрсете отырып, осы Қағидалардың 5-қосымшасына сәйкес құжаттардың қабылданғаны туралы хабарлама келіп түседі.
25. Қалыптастырылған өтініштер (құжаттар топтамасымен бірге) Мемлекеттік корпорация немесе ақпараттық жүйе арқылы немесе портал арқылы Министрлікке, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Білім басқармаларына, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдеріне, тиісті саланың уәкілетті органдарына жіберіледі.
26. Мемлекеттік қызметті ақпараттық жүйе, мемлекеттік корпорация немесе портал арқылы көрсету кезінде өтініштер мен құжаттарды қабылдау күні мемлекеттік қызметтер көрсету мерзіміне кірмейді.
27. Министрлік, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Білім басқармалары, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдері, білім беру ұйымдары, тиісті саланың уәкілетті органдары арқылы құжаттарды қабылдау кезінде ұсынылған құжаттардың толықтығы және көрсетілген қызметті алушының осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігі тексеріледі, қорытындысы бойынша осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті және тиісті құжаттарды қабылдау туралы қолхат не мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту беріледі.
28. Кеңсе арқылы жүгінген жағдайда 23-тармақта көрсетілген іс-әрекеттер құжаттар келіп түскен күні және Министрлікте, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Білім басқармаларында, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдерінде, білім беру ұйымдарында, тиісті саланың уәкілетті органдарында тіркелген күні жүзеге асырылады.
29. Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін Министрлік, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Білім басқармалары, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдері, білім беру ұйымдары, тиісті саланың уәкілетті органдары тарапынан Мемлекеттік корпорацияға мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін бір тәуліктен кешіктірмей жеткізеді.
30. Мемлекеттік корпорация арқылы жүгінген жағдайда дайын құжаттарды беру Мемлекеттік корпорацияның жұмыс кестесіне сәйкес өкілдің тиісті өкілеттіктері көрсетілетін, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес берілген құжат негізінде әрекет ететін жеке басты куәландыратын құжаттарды не цифрлық құжат, не оның өкілін көрсеткен кезде жүзеге асырылады
31. Министрлік, облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының Білім басқармалары, аудандардың және облыстық маңызы бар қалалардың білім бөлімдері, білім беру ұйымдары, тиісті саланың уәкілетті органдары «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен енгізуді қамтамасыз етеді.
32. Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері туралы шағымды қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау мен бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүзеге асырады.
Көрсетілетін қызметті берушіге және (немесе) лауазымды тұлғаның шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалады.
Көрсетілетін қызметті берушіге, лауазымды тұлғаның шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.
Бұл ретте, көрсетілетін қызметті берушіге, лауазымды тұлғаның шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым түскенде, егер ол үш жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарға толық жауап беретін шешім немесе басқа әкімшілік шара қабылдаса, шағымды қарайтын органға шағымды жібермеуге құқылы.
Көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушіге шағымы «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-бабының 2-тармағына сәйкес тіркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.
3-тарау. Педагогтерге біліктілік санаттарын беру (растау) тәртібі
33. Біліктілік санаттарын берудің (растаудың) өтініш берілген біліктілік санатына сәйкестігі рәсімін жүргізу үшін әрбір пән бойынша немесе бағыт бойынша жеке Сараптама кеңесі (бұдан әрі – Сараптама кеңесі) құрылады:
«педагог» біліктілік санатына – құрамында басшының орынбасары, кемінде 10 жыл еңбек өтілі бар, «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-шебер» біліктілік санаттары бар педагогтер, білім беру ұйымы кәсіподақ комитетінің мүшелері бар білім беру ұйымы деңгейінде ұйымдастырылатын Сараптама кеңесі. Сараптама кеңесінің құрамы білім беру ұйымы басшысының бұйрығымен бекітіледі.
«педагог-модератор» біліктілік санатына – құрамында әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) әдіскерлері, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) кемінде 10 жыл еңбек өтілі, «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-шебер» біліктілік санаттары бар педагогтері, біліктілікті арттыру ұйымдарының, қамқоршылық кеңестердің, білім беру саласындағы қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақтардың, жұмыс берушілердің өкілдері бар, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) деңгейінде, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, тиісті саланың уәкілетті органы (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар мен салалық мемлекеттік органдардың білім беру ұйымдары үшін) деңгейінде ұйымдастырылатын Сараптама кеңесі.
Сараптама кеңесінің құрамы ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармасы органы басшысының, тиісті саланың уәкілетті органының (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар мен салалық мемлекеттік органдардың білім беру ұйымдары үшін) бұйрығымен бекітіледі.
«педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші» біліктілік санатына – құрамында әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың) әдіскерлері, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім беру ұйымдарының кемінде 10 жыл еңбек өтілі, «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-шебер» біліктілік санаттары бар педагогтері, біліктілікті арттыру ұйымдарының, қамқоршылық кеңестердің, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақтардың, жұмыс берушілердің өкілдері бар, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, тиісті саланың уәкілетті органы (республикалық білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдардың ұйымдары үшін) деңгейінде ұйымдастырылатын Сараптама кеңесі. Сараптама кеңесінің құрамы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың Білім басқармасы, тиісті саланың уәкілетті органы басшысының (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар мен салалық мемлекеттік органдардың білім беру ұйымдары үшін) бұйрығымен бекітіледі.
«педагог-шебер» біліктілік санатына – құрамында ҚР ОАМ ведомстволық бағынысты ұйымдарының мамандары мен әдіскерлері, кәсіподақтардың, тиісті саланың уәкілетті органдарының өкілдері, республиканың білім беру ұйымдарының кемінде 10 жыл еңбек өтілі, «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-шебер» біліктілік санаттары бар педагогтері, біліктілікті арттыру ұйымдарының, қамқоршылық кеңестердің, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақтардың, жұмыс берушілердің өкілдері бар, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі жанынан ұйымдастырылатын Сараптама кеңесі. Сараптама кеңесінің құрамы тиісті саланың уәкілетті органы басшысының бұйрығымен бекітіледі.
34. Комиссия қызметтің нәтижелерін кешенді талдамалық қорытындылау үшін ұсынылған материалдарды осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша біліктілік санаттарын беруге (растауға) педагогтің портфолиосын қабылдау-табыстау актісі бойынша жылына екі рет (тиісінше ағымдағы жылдың 5 мамырына және 5 қарашасына дейін) немесе білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған мерзімдерде Сараптама кеңесінің қарауына жібереді.
Жұмыс істеп тұрған ақпараттық жүйеде педагог бейіні бағалау парақтарын жүктей отырып және сараптамалық қорытындымен жүйеде қаралады. Бұл жағдайда портфолионы қабылдау-тапсыру актісі бойынша құжаттарды беру талап етілмейді.
35. Сараптама кеңесінің құрамына сараптама кеңесінің төрағасы мен мүшелері кіреді. Сараптама кеңесі мүшелері тақ саннан, бірақ кемінде жеті адамнан тұрады. Төраға Сараптама кеңесінің мүшелерінен сайланады.
36. Сараптама кеңесі осы Қағидаларға 8-қосымшаға сәйкес нысан бойынша сабақтарды/оқуларды бақылау парақтарын және педагогтердің, басшының орынбасарларының, басшының кері байланысын ескере отырып, осы Қағидаларға 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша біліктілік санаттарын беруге (растауға) арналған педагогтердің портфолиосын бағалау критерийлеріне сәйкес біліктілік санаттарын беруге (растауға) педагогтердің портфолиосын қарайды және бағалайды.
37. Сараптама кеңесі аттестатталушының қашықтықтан немесе күндізгі форматта қатысуымен әрбір пән бойынша немесе бағыт бойынша портфолионы жеке қарайды және бағалайды. Аттестатталушының қатысуымен портфолионы қарау 30 минуттан аспайды. Бұл ретте аудио немесе бейнежазба жүргізіледі. Аудио бейнежазба аттестаттау өткізген ұйымның архивінде кемінде бір жыл сақталады.
38. Сараптама кеңесі осы Қағидаларға 10-қосымшаға сәйкес нысан бойынша біліктілік санаттарын беру (растау) үшін педагогтердің портфолиосын бағалау парақтарын және осы Қағидаларға 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған мерзімде (осы жылдың 5 маусымына және 5 желтоқсанына дейін) немесе білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған мерзімдерде Комиссияға немесе әрбір педагогтің профиліндегі ақпараттық жүйеге әрбір педагог бойынша өтініш берілген біліктілік санатына сәйкестік/сәйкессіздік туралы, бір деңгейге төмен сәйкестік туралы қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтаудың қорытындылары бойынша ұсынымдар жібереді.
1-параграф. Педагогтерге кезекті біліктілік санаттарын беру тәртібі
39. Біліктілік санатын кезект:
«педагог-тағылымдамашы» біліктілік санатына:
тиісті бейін бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар немесе педагогикалық қызметке алғаш кіріскен қайта даярлау курстарынан өткен адамдар, сондай-ақ педагогтің бос немесе уақытша бос лауазымына орналасуға конкурс жарияланғанға дейін соңғы бес жыл ішінде білім беру ұйымдарында педагогикалық (оқытушылық) қызметті жүзеге асырмаған, Біліктілік тестілеуінен сәтті өткен адамдар.
«Педагог-тағылымдамашы» біліктілік санаты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі №160 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 142192 болып тіркелген) сәйкес мамандыққа енгізу жөніндегі бағдарлама аяқталғанға дейін бір оқу жылына беріледі.
Педагог-тағылымдамашыға бір оқу жылы кезеңіне тәлімгерлікті жүзеге асыратын педагог бекітіледі.
Мамандыққа кіру бойынша бағдарлама аяқталғаннан кейін педагог-тағылымдамашы қызмет нәтижелері туралы есеп дайындайды, сабақтарды көрсетеді, лессон стади Lesson Study сабақты зерттеуді жүргізеді, акшин ресерч Action Research әдісін қолданады. Педагог-тәлімгер бағдарлама нәтижелері бойынша педагогке тағылымдамадан өтушіге ұсыныс дайындайды.
Мамандыққа кіру жөніндегі бағдарламаны аяқтау және педагог-тәлімгердің оң ұсынымы қорытындысы бойынша білім беру ұйымының педагогикалық кеңесі педагог-тағылымдамашыға «педагог» біліктілік санатын беру туралы шешім және онымен еңбек шартын ұзарту туралы шешім шығарады. Біліктілік санатын бергеннен кейін педагогпен бір күнтізбелік жылға еңбек шарты жасалады. Кейінгі еңбек қатынастары еңбек заңнамасы шеңберінде ресімделеді.
Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында арнайы пәндер бойынша педагогтер және өндірістік оқыту шеберлері лауазымдарына алғашқы рет педагогикалық қызметке кіріскен, кемінде 2 жыл өтілі бар педагогтер Біліктілік тестілеуінен өтпей-ақ «педагог-тағылымдамашы» біліктілік санатын алады.
«педагог» біліктілік санатына:
тиісті бейін бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар немесе «педагог-тағылымдамашы» санатына қойылатын талаптарға сәйкес келетін қайта даярлау курстарынан өткен және кемінде 1 жыл педагогикалық өтілі бар адамдар;
тиісті бейін бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар немесе қайта даярлау курстарынан өткен адамдар, бастапқыда «педагог-тағылымдамашы» санатын беруге ұсынылатын, Біліктілік тестілеуінен сәтті өткен адамдарды қоспағанда, оның ішінде:
педагогикалық лауазымдағы жұмысын қайта бастаған (жалпы педагогикалық өтілі 1 жылдан кем емес 5 жылдан аспайтын педагогикалық лауазымға қайта бастау мерзімі) және біліктілік санаты жоқ;
білім беру ұйымдарына білім беру саласындағы уәкілетті органнан, білім беруді басқару органдарынан, әдістемелік кабинеттерден, біліктілікті арттыру институттарынан, жоғары оқу орындарынан ауысқан;
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде мамандығы бойынша оқуда (тағылымдамада) болған;
педагогикалық қызметті жүзеге асырған және Қазақстан Республикасына жақын және алыс шет елдерден келген;
тиісті бейін бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар немесе 2021 жылғы 3 желтоқсанға дейінгі мерзімде педагог ретінде білім беру ұйымдарына қабылданған, біліктілік санаты жоқ қайта даярлау курстарынан өткен адамдар, сондай-ақ арнайы пәндер бойынша педагог лауазымдарына техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында педагогикалық қызметке кіріскен педагогтер және өндірістік оқыту шеберлері;
қосымша білім беру жүйесінде 5 және одан да көп жыл кәсіби өтілі бар адамдар.
«Педагог» санатына үміткер педагогтер № 338 бұйрыққа немесе кәсіптік стандартқа сәйкес біліктілік талаптарына және мынадай кәсіптік құзыреттерге сәйкес келуі тиіс:
оқу пәнінің, оқу-тәрбие процесінің мазмұнын, оқыту және бағалау әдістемесін біледі; білім алушылардың психологиялық-жас ерекшеліктерін ескере отырып, оқу-тәрбие процесін жоспарлайды және ұйымдастырады, білім алушының жалпы мәдениетін қалыптастыруға және оны әлеуметтендіруге ықпал етеді, білім беру ұйымы деңгейіндегі іс-шараларға қатысады, білім алушылардың қажеттіліктерін ескере отырып, тәрбиелеу мен оқытуда жеке тәсілді жүзеге асырады, кәсіби-педагогикалық диалог дағдыларын меңгерген, цифрлық білім беру ресурстарын қолданады;
лессон стади Lesson Study сабақты зерттеуді жүргізеді, акшин ресерч Action Research әдісін қолданады;
«Педагогикалық этиканың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 11 мамырдағы № 190 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20619 болып тіркелген) сәйкес педагогикалық этиканың негізгі нормаларын сақтайды;
2) «педагог-модератор» біліктілік санатына:
тиісті бейіні бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар адамдар, сондай-ақ қайта даярлау курстарынан өткен адамдар, мынадай кәсіби құзыреттерге сәйкес келетін кемінде екі жыл педагогикалық өтілі бар адамдар:
«педагог» біліктілік санатының жалпы талаптарына сәйкес келеді, бұдан басқа:
оқытудың инновациялық нысандарын, әдістері мен құралдарын қолданады;
кәсіби шеберлік конкурсының қатысушысы немесе жүлдегері немесе жеңімпазы болып табылады немесе білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес білім беру ұйымының, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушы немесе жүлдегер немесе жеңімпаз оқушылары бар;
лессон стади Lesson Study сабақты зерттеуді жүргізеді, акшин ресерч Action Research әдісін қолданады;
аудандық/қалалық/облыстық деңгейдегі іс-шараларға қатысады, аудан/қала/облыс деңгейінде сабақ көрсетеді, сабақ рефлексиясын жүргізеді, өткізілген сабақтарға әріптестерінің оң пікірлеріне ие;
3) «педагог-сарапшы» біліктілік санатына:
тиісті бейіні бойынша педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі бар адамдар, сондай-ақ қайта даярлау курстарынан өткен адамдар, мынадай кәсіби құзыреттерге сәйкес келетін, кемінде үш жыл педагогикалық өтілі бар адамдар:
«педагог-модератор» біліктілік санатының жалпы талаптарына сәйкес келеді, бұдан басқа:
ұйымдастырылған оқу қызметін, оқу-тәрбие процесін талдау дағдыларын меңгерген;
өзінің және білім беру ұйымы деңгейінде әріптестерінің кәсіби даму басымдықтарын конструктивті анықтайды;
кәсіби шеберлік конкурсының қатысушысы немесе жүлдегері немесе жеңімпазы болып табылады немесе білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес аудан (облыстық маңызы бар қала) деңгейінде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға, облыс деңгейінде конкурстарға, жарыстарға қатысушы немесе жүлдегер немесе жеңімпаз оқушылары бар;
облыс, ел телевидениеде трансляциялауға енгізілген бейне -, телесабақтар дайындады (болған жағдайда);
лессон стади Lesson Study сабақты зерттеуді жүргізеді, акшин ресерч Action Research әдісін қолданады;
аудандық/қалалық/облыстық деңгейдегі іс-шараларға қатысады, аудан/қала/облыс деңгейінде сабақ көрсетеді, өткізілген сабақтарға педагогтер мен әдіскерлердің оң пікірлеріне ие;
4) «педагог-зерттеуші» біліктілік санатына:
тиісті бейіні бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық немесе өзге де кәсіптік білімі, мынадай кәсіби құзыреттерге сәйкес келетін, кемінде бес жыл педагогикалық өтілі бар адамдар:
«педагог-сарапшы» біліктілік санатының жалпы талаптарына сәйкес келеді, бұдан басқа:
сабақты зерттеу және бағалау құралдарын әзірлеу дағдыларын меңгерген;
білім алушылардың зерттеушілік дағдыларын дамытуды қамтамасыз етеді;
оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытуды қамтамасыз етеді;
облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана, республика деңгейінде тәжірибені жинақтайды (республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдар мен салалық мемлекеттік органдардың білім беру ұйымдары үшін);
кәсіби шеберлік конкурсының қатысушысы немесе жүлдегері немесе жеңімпазы болып табылады немесе білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес облыстық, республикалық, халықаралық деңгейлерде олимпиадаларға, конкурстарға, жарыстарға қатысушы немесе жүлдегер немесе жеңімпаз оқушылары бар;
«Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының қатысушысы немесе жүлдегері немесе жеңімпазы, «Үздік педагог» атағының иегері (болған жағдайда) болып табылады;
ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), облыстың (бар болса) деңгейінде педагогикалық қоғамдастықта тәлімгерлікті жүзеге асырады және даму стратегиясын сындарлы айқындайды;
тиісті уәкілетті органның ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдары ұйымдастырған педагогтерге арналған семинарларды, конференцияларды ұйымдастыруға және өткізуге қатысады;
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының (бұдан әрі – Білім беру мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығы) «Сарапшылардың электрондық базасына» сәйкес немесе Техникалық және кәсіптік білім департаменті жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарды сараптау жөніндегі сарапшылардың құрамына кіреді (болған жағдайда);
еліміздің, облыстың телевидениесінде трансляциялауға енгізілген, білім беру порталдарында орналастырылған бейне-телесабақтар дайындады (болған жағдайда);
интернет-ресурстарды пайдалана отырып, жұмыс тәжірибесін таратады;
облыс/республика деңгейінде сабақтарды көрсетеді, өткізілген сабақтарға педагогтер мен әдіскерлердің оң пікірлеріне ие;
лессон стади Lesson Study сабақты зерттеуді жүргізеді, акшин ресерч Action Research әдісін қолданады;
басқа педагогтердің сабақтарын талдайды;
облыстық және (немесе) республикалық деңгейлердегі педагогтер үшін семинарлар, конференциялар ұйымдастыруға және өткізуге қатысады;
5) «педагог-шебер» біліктілік санатына:
тиісті бейіні бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық білімі, келесі кәсіби құзыреттерге сәйкес келетін кемінде алты жыл педагогикалық өтілі бар адамдар:
«педагог-зерттеуші» біліктілік санатының жалпы талаптарына сәйкес келеді, бұдан басқа:
Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңесте немесе Техникалық және кәсіптік білім департаменті жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңесте мақұлданған авторлық бағдарламасы бар немесе білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен немесе Техникалық және кәсіптік білім департаменті жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдардың тізбесіне енгізілген басып шығарылған оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің авторы (бірлескен авторы) болып табылады немесе тест тапсырмаларын, оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендерді сараптау жөніндегі сарапшылар құрамына кіреді немесе уорлд скилс (WorldSkill) (кәсіби шеберлік конкурсы) чемпионаттарының сарапшысы немесе педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша тренер болып табылатын адамдар;
республикалық немесе халықаралық кәсіби конкурстардың жүлдегері немесе жеңімпазы болып табылады немесе білім беру саласындағы уәкілетті орган бекіткен тізбеге сәйкес республикалық немесе халықаралық деңгейлердегі олимпиадалардың, конкурстардың, жарыстардың жүлдегерлерін немесе жеңімпаздарын дайындаған;
«Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының қатысушысы немесе жүлдегері немесе жеңімпазы, «Үздік педагог» атағының иегері (болған жағдайда) болып табылады;
интернет-ресурстарды пайдалана отырып, жұмыс тәжірибесін таратады;
тәлімгерлікті жүзеге асырады және облыс, республика деңгейінде кәсіби қоғамдастық желісін дамытуды жоспарлайды (болған жағдайда);
Білім беру мазмұнын сараптау республикалық ғылыми-практикалық орталығының «Сарапшылардың электрондық базасына» сәйкес немесе Техникалық және кәсіптік білім департаменті жанындағы Республикалық оқу-әдістемелік кеңес ұсынған оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен оқу-әдістемелік құралдарды сараптау жөніндегі сарапшылардың құрамына кіретін адамдар (болған жағдайда);
республика деңгейінде тәжірибе жинақтайды, тиісті уәкілетті органның ведомстволық бағынысты білім беру ұйымдары педагогтерге арналған семинарларды, конференцияларды ұйымдастыру мен өткізуге қатысады;
еліміздің, облыстың телевидениесінде трансляциялауға енгізілген, білім беру порталдарында орналастырылған (болған жағдайда) бейне -, телесабақтар дайындаған.
лессон стади Lesson Study сабақты зерттеуді жүргізеді, акшин ресерч Action Research әдісін қолданады, өз шешімдері мен іс-әрекеттерін басқару, түзету және бағалау дағдыларын жүргізеді;
облыс/республика деңгейінде сабақтарды көрсетеді, өткізілген сабақтарға педагогтер мен әдіскерлердің оң пікірлеріне ие;
басқа педагогтердің сабақтарын талдайды;
педагогтерге арналған облыстық және (немесе) республикалық деңгейлердегі семинарлар, конференциялар ұйымдастыруға және өткізуге қатысады.
40. Білім беру ұйымы жыл сайын 1 қыркүйекке дейін алдағы қаржы жылына арналған біліктілік санаттарын берудің (растаудың) перспективалық жоспарын жасайды және бекітеді, ол қажеттілігіне қарай түзетіледі.
41. Білім беру ұйымы біліктілік санатын беру үшін педагогтердің тізімдік құрамын (электрондық тасымалдағышта) аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) білім бөлімдеріне, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармаларына, республикалық ұйымдар білім беру саласындағы уәкілетті органға (тиісті саланың республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдары мен білім беру ұйымдары үшін) ұсынады.
немесе ақпараттық жүйеде біліктілік санатын беруге үміткер педагогтердің тізімдік құрамын орналастырады.
42. Педагогтерге біліктілік санаттарын беру (растау) туралы соңғы шешімді Комиссия қабылдайды.
43. Әрбір педагог бойынша Сараптама кеңесінің ұсынымдарын қарағаннан және алғаннан кейін Комиссия педагогтердің портфолиосын қарайды және мынадай шешімдердің бірін шығарады:
1) өтініш берілген біліктілік санатына сәйкес келеді;
2) өтініш берілген бір деңгейге төмен біліктілік санатына сәйкес келеді;
3) «педагог» біліктілік санатына сәйкес келеді (өтініш берілген біліктілік санаты сәйкес келмеген кезде);
4) өтініш берілген біліктілік санатына сәйкес келмейді.
44. «Өтініш берілген біліктілік санатына аттестаттаудан өтпеген» деген шешім қабылдаған кезде Комиссия үш жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 12-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Комиссияның барлық мүшелері қол қойған шешімнің негіздемесімен бірге аттестатталған адамның электрондық поштасына немесе педагог профиліне жазбаша хабарлама жібереді.
45. Комиссияның шешімі осы Қағидаларға 13-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хаттамамен ресімделеді. Аттестаттаудан сәтті өткен педагогтердің тізімі аттестаттауды өткізген мемлекеттік органның немесе білім беру ұйымының Интернет-ресурсында немесе ақпараттық жүйеде жарияланады.
46. Біліктілік санаты келесі жағдайларда педагогтердің өтініші негізінде ұзартылады, бірақ бір жылдан аспайды:
«Әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 23 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-108/2020 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21263 болып тіркелген) әлеуметтік мәні бар аурулар мен айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар тізбесіне сәйкес уақытша еңбекке жарамсыздық кезінде;
жүктілікке және босануы бойынша демалыстан немесе бала үш жасқа толғанға дейін оны бағып-күтуге арналған демалыстан немесе жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған қызметкерлер үшін демалыстан шыққаннан кейін;
білім беру ұйымдарына білім беру саласындағы уәкілетті органнан, білім беруді басқару органдарынан, әдістемелік кабинеттерден, біліктілікті арттыру институттарынан ауысқан жағдайда.
Педагогтер біліктілік талаптарына сәйкес санатқа біліктілікті тестілеуді бір жылдан кейін тапсырады. Педагогтердің осы санаты үшін қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау кезеңін тиісті деңгейдегі аттестаттау комиссиясы Біліктілік тестілеуін тапсырған сәттен бастап бір жыл ішінде жүргізеді. Бұл ретте педагогтің осы кезеңде қолда бар біліктілік санаты сақталады.
47. Осы Қағидалардың 46-тармағында көрсетілген педагогтер біліктілік санатының қолданылу мерзімін ұзарту туралы мәселені шешу үшін Комиссияға мынадай құжаттарды ұсынады немесе ақпараттық жүйедегі педагог профиліне жүктейді:
1) біліктілік санаттарының қолданылу мерзімін ұзарту туралы өтініш (еркін нысан);
2) біліктілік санатының қолданылу мерзімін ұзартудың негізділігін растайтын құжат.
48. Комиссияның біліктілік санатының қолданылу мерзімін ұзарту жөніндегі отырысы өтініш келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде өткізіледі.
49. Комиссияның біліктілік санатының қолданылу мерзімін ұзарту туралы шешімі осы Қағидаларға 14-қосымшаға сәйкес нысан бойынша хаттамамен ресімделеді.
50. Жасы бойынша зейнетақыға дейін төрт жастан аспайтын педагогтер аттестаттау рәсімінен босатылады. Қолда бар біліктілік санаты ол берген өтініш негізінде зейнеткерлік жасқа толғанға дейін сақталады. Біліктілік санатының қолданылу мерзімін ұзарту туралы бұйрықты білім беру ұйымының басшысы шығарады. Бұйрықтың күші зейнеткерлік жасқа толғанға дейін сақталады. Зейнетақы жасы «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін педагогикалық қызметті жүзеге асыруды жалғастыратын зейнеткерлік жастағы педагогтер аттестаттау рәсімінен жалпы негіздерде өтеді.
51. 30 және одан да көп жылдық педагогикалық өтілі бар зейнеткерлік жастағы педагогтер бұрын берілген біліктілік санатын растаған кезде Біліктілік тестілеуін тапсырудан босатылады және қызмет нәтижелерін кешенді қорытудан өтеді.
52. Мынадай санаттағы педагогтерге:
«санаты жоқ» біліктілік санаты «педагог» біліктілік санатына теңестіріледі;
«екінші санат» біліктілік санаты «педагог-модератор» біліктілік санатына теңестіріледі;
«бірінші санат» біліктілік санаты «педагог-сарапшы» біліктілік санатына теңестіріледі;
«жоғары санат» біліктілік санаты «педагог-зерттеуші» және (немесе) «педагог-шебер» біліктілік санаттарына теңестіріледі.
53. Қазақстан Республикасының шегінде педагогикалық салада тиісті мамандық бойынша жаңа жұмыс орнына ауысқан кезде педагогтердің (басшылардың, басшы орынбасарларының, әдіскерлердің) бар біліктілік санаты оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.
54. Педагогтерге біліктілік санатын беру білімі туралы дипломда көрсетілген мамандыққа (біліктілікке) немесе атқаратын лауазымы бойынша тиісті біліктілік беріле отырып, қайта даярлау туралы құжатқа сәйкес жүзеге асырылады.
55. Білім туралы дипломда бір мамандық ретінде көрсетілген пәндерді оқыту жағдайында біліктілік санатын беру оқытылатын/оқытылған пәнді/пәндерді (таңдау бойынша) көрсете отырып, негізгі лауазым бойынша жүргізіледі және негізгі лауазым бойынша санат беріледі. Негізгі лауазымы бойынша берілген біліктілік санаты тиісті бағыт бойынша оқытылатын барлық пәндерге/оқуларға қолданылады.
56. Шағын жинақталған мектеп педагогтері үшін дипломда көрсетілмеген пәндерді оқыту жағдайында кезекті біліктілік санатын беру пәнаралық (аралас) пәндер бойынша тиісті біліктілік бере отырып, қайта даярлау туралы құжат болған кезде атқаратын лауазымы бойынша жүргізіледі.
57. Педагог жоғары оқу орындарында немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында мамандарды кәсіптік даярлау жүзеге асырылмайтын пәндерді оқытқан жағдайда, оның бұрын алған санаты сақталады. Біліктілік санатын кезекті беру біліктілікті арттыру туралы тиісті құжат болған кезде жалпы негізде жүргізіледі.
58. Арнайы білім беру ұйымдарында сабақ беретін педагогтер кезекті біліктілік санатына дипломына сәйкес, бейіні немесе қайта даярлау туралы құжат бойынша, білім беру ұйымдарындағы тиісті бейін бойынша өтеді.
59. Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогтері кезекті біліктілік санатына оқытатын бейінге сәйкес өтеді.
60. Әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың), қосымша білім беру ұйымдарының педагогтеріне (әдіскерлеріне) диплом бойынша немесе атқаратын лауазымы ескеріле отырып біліктілік санаттары беріледі.
61. Білім беру ұйымынан тиісті пән бойынша әдістемелік сүйемелдеуді жүзеге асыратын ұйымдарға немесе білім беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдардан ауысқан кезде педагогтің бар «педагог-модератор», «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші», «педагог-шебер» біліктілік санаты оның қолданылу мерзімі өткенге дейін сақталады (теңестіріледі).
62. Әдістемелік кабинеттердің (білім беруді басқару органдарының құрылымдық бөлімшелерінің) басшыларына (меңгерушісіне), әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың), «Дарын» орталығының, ақпараттандыру, мектепке дейінгі, арнайы және қосымша білім беру орталықтарының, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының әдіскерлеріне білім беру ұйымдарына ауысу немесе қоса атқару немесе қоса атқару шарттарында оқытушылық қызметті жүзеге асыру кезінде қолда бар біліктілік санат сақталады.
Педагог (оқытушы) лауазымы бойынша берілген біліктілік санаты әдіскер лауазымына қолданылады.
Әдіскер лауазымы бойынша берілген біліктілік санаты педагог (оқытушы) лауазымына қолданылады.
63. Бейіннен тыс педагогикалық білімі бар мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтеріне тиісті бейін бойынша қайта даярлау туралы құжат немесе біліктілікті арттыру курстары туралы құжат болған кезде біліктілік санаты беріледі.
64. «Көркем еңбек» пәні бойынша сабақ беретін педагогтер «Технология», «Бейнелеу өнері», «Сызу» мамандықтары бойынша дипломмен аттестаттаудан өтеді; «Графика және жобалау» пәні бойынша – «Бейнелеу өнері», «Сызу», «Информатика» мамандықтары бойынша диплом, сондай-ақ бұрын берілген біліктілік санатын ескере отырып кәсіптік оқыту ескеріледі.
65. Арнайы білім беру ұйымдарында немесе арнайы сыныптарда (топтарда) білім туралы дипломда көрсетілген мамандық бойынша емес қызмет жүргізген жағдайда, біліктілік санатын кезекті беру тиісті бейіні бойынша қайта даярлау туралы құжаттың негізінде атқаратын лауазымы бойынша жүргізіледі.
66. Инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын жалпы білім беретін мектептерде сабақ беретін педагогтер дипломда көрсетілген мамандыққа сәйкес кезекті біліктілік санатын беруден өтеді, бұл ретте портфолиода ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балалармен жұмыс жөніндегі материалдар көрсетіледі.